01.06.2021 / Қазақстан

Ақтөбеде наразылықтан кейін автобустар қозғалысы әлі толық қалпына келмеді

Ақтөбеде наразылықтан кейін автобустар қозғалысы әлі толық қалпына келмеді

Ақтөбе қаласында жолаушылар тасымалына жауапты екі компанияның бірі "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнында" дүйсенбі күні басталған наразылық әлі де ішінара жалғасып жатыр. Сондықтан компания кей бағыттардағы 6 автобустың орнына 3-4 көліктен шығаруға мәжбүр болған.

- Жұмысшыларымыздың 10-20 пайызы бүгін де желіге шықпады. Осыған орай қала тұрғындары аялдамаларда сәл кідіріңкіреп қалуы мүмкін. Ең бастысы, қозғалыс мүлдем тоқтап қалған жоқ. Соның өзі жетістік, - деді Азаттыққа телефонмен берген сұқбатында компания өкілі Асанәлі Қайдаров.

Жұмысқа шығудан бас тартқан автобус жүргізушілері жалақының 300 мың теңге болуын талап етіп отыр. Наразылардың басым көпшілігі сәуір айында 40-50 мың теңгеден жалақы алған. Компания күндік жоспар артығымен орындалған жағдайда маусымнан бастап автобус жүргізушілеріне бонус төлеуге уәде еткен. Наразылардың бірқатары осыдан кейін ғана сейсенбі күні желіге шығып, қайта жолаушы тасымалдай бастаған.

Жұмысқа шығудан бас тартқан жүз шақты адамға дүйсенбі күні компания басшылары "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнына" тиесілі 19 бағыттың 11-і ешқандай кіріс әкелмейтінін, қаржылық ахуалдың қиын екенін айтқан еді. Тасымалдаушы компания 2015 жылдан бері жергілікті бюджеттен субсидия алмаған. Олардың сөзіне қарағанда, шығынмен жұмыс істеп отыр.

Ал кеше яғни, 31 мамырдан бастап "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнына" тиесілі бағыттарда жолақысын төлеудің электрондық жүйесі енгізілді. Осы жүйенің көмегімен әкімдік үш айдың мониторингін жасап, жергілікті бюджеттен бөлінетін субсидияның мөлшерін анықтауы тиіс.

"Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" күзде субсидия берілетін болса, жағдайымыз түзеледі деп сенеді. Кондукторларды да сол кезде мекеме штатына алуға уәде еткен. Әзірге олардың еңбекақысын автобус жүргізушілері өз қалтасынан төлеп отыр.

- Наразылық акциясынан бұрын да автобустар интервал сақтамайтын. Жұрт аялдамада сағаттап тұрады. Себебі, автобус бұзылған жағдайда басшылар қосалқы бөлшекке ақша бермейді. Кешелі бері жағдай тіпті қиындап кетті. Біраз адам, соның бірі мен де бүгін жұмысқа шықпадым. Кондукторларды штатқа алғысы келмейді. Жүргізушілерді "бонус төлейміз" деп алдарқатып отыр. Яғни, жолаушы ағынына қарай бір маршруттың күндік жоспары - 20 мың, енді біреуінікі- 40 мың болса, жоспар артығымен орындалған жағдайда ғана жүргізушінің қолына тиын-тебен тиюі мүмкін. Сонда ғана ол кондукторға ақы төлей алады. Бұл - ақылға сыймайтын нәрсе,- дейді жалдамалы кондуктор Оралгүл Елеусінова.

Азаттық тілшісі хабарласқан бірнеше адам бүгін де жұмысқа шықпаған. Бірақ олардың ешқайсысы наразылығын жалғастырып жатқандардың нақты санын айта алмады.

Азаттық Радиосы