16.04.2020 / Қазақстан

Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды. Карантиндегі дәрігерлер не дейді?

Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды. Карантиндегі дәрігерлер не дейді?

Алматының орталық қалалық клиникалық ауруханасы коронавирус ошағына айналып, 11 сәуірден бері карантинге жабылды. Ресми дерек бойынша, медицина мекемесінің коронавирус анықталған қызметкерлер саны 182-ге жетті. Шудан кейін медицина мекемесінің бас дәрігері қызметінен кетті. Қаланың бас санитары коронавирустың тарауына дәрігерлердің де кінәсі бар деген. Аурухананың дәрігерлерінің өзі не дейді?

Қазір карантинге жабылған ауруханада дәрігерлер мен науқастар қалған. Аурухананың кейбір дәрігері "Көктем" санаторийінде және қаладағы басқа медицина мекемелерінде жатыр. Азаттық тілшісі карантиндегі дәрігерлермен тілдесті.

"КОРОНАВИРУС СЫРТТАН КЕЛДІ"

Алматының №12 орталық клиникалық ауруханасының невропатолог дәрігері Әзигүл Жұмакүлбай қазір қаладағы "Көктем" санаторийінде карантинде. Ол ауруханада коронавирус табылған кезде кезекшілікте болғандықтан карантинге жіберілген. Коронавирус анализі таза болғанын айтады. Бірақ әлі 10 күндей карантинде болмақ. Қабылдау бөлімінде істеген ол "жедел жәрдем әкелген адамдарды кейінгі сәтке дейін тексердік" дейді. Дәрігердің топшылауынша, ауруханаға вирус сырттан келген.

- Қорғаныш киімін киген жедел жәрдем қызметкерлері температурасы, пневмония симптомдары бар адамдарды да әкеліп жатты. Оларды терапия бөліміне жіберді. Терапия бөліміндегі қызметкерлерден вирус көп анықталды. Науқастарды компьютерлік томографияға түсіру үшін бәріне ортақ бір дәлізбен алып жүрді. Сол жердегі ауаны бәріміз жұттық, - дейді невропатолог.

Карантинге жабылған орталық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.

Карантинге жабылған орталық клиникалық аурухана. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.

Дәрігердің сөзінше, оларға №12 клиникалық ауруханаға коронавирус белгісі бар пациенттер әкелінбейді деп айтылған. Сол себепті аурухана қызметкерлері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығында көрсетілген қосымша үстемақы алатын дәрігерлердің “вирус жұқтыру қаупі бар үш тобына” да кірмеген.

- Бізді еш санатқа қоспағаны "сендерге ешқандай қатер төніп тұрған жоқ" дегені ғой. Бірақ солай бола тұра қауіп болды. Терапия бөлімін оқшаулауға тырысты. Қорғаныш костюмдерін кейінгі бір аптада кидік, - дейді дәрігер карантинге дейінгі жағдай туралы.

Орталық клиникалық аурухана инфекция ошағына айналған кезде Алматының бас санитар дәрігері Айзат Молдағасымова медицина қызметкерлерін дұрыс сақтанбады деп айыптаған. Ол 13 сәуірдегі брифингте "факт барын, кейбір дәрігер температурасы көтерілсе де, қызу түсіретін дәрі ішіп, жұмысқа келгенін" айтқан.

Әзигүл Жұмакүлбай "біз бас санитардың бұйрығымен жұмыс істедік, коронавирус симптомы бар пациенттердің келгенін ескертпегеніне дәрігерлер кінәлі емес" дейді. невропатолог "барлық маман жағдай қиындаса да, пациентті қараудан бас тартпай, жұмысын жалғастырғанын" айтады. Ол коронавирус жұқтыруы мүмкін деген науқастарды ауруханаға әкеліп жатқаны жайлы баршаға алдын ала ескертілмегеніне қапалы.

"CИМПТОМДАР БАР. СОҒАН УАЙЫМДАП ЖАТЫРМЫН"

Орталық клиникалық аурухананың хирургия бөлімінің резидент-дәрігері Ернар Пірімхан қоңырауымызды көтергенде ұзақ жөтеліп барып қана жауап берді. Өзін әлсіз сезініп, коронавирус симптомдары пайда болған дәрігер қазір қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында жатыр. Сөзінше, үш күн бұрын коронавирусты анықтауға тест алған. Алайда қорытындысын әлі айтпаған. Дәрігерлер "анализіңіз күмәнді болып тұр, кейінірек айтамыз" деген.

Алматының орталық клиникалық аурухананың резидент-дәрігері Ернар Пірімхан. (Суретті Ернар Пірімхан ұсынды).

Алматының орталық клиникалық аурухананың резидент-дәрігері Ернар Пірімхан. (Суретті Ернар Пірімхан ұсынды).

- Симптомдар бар. Соған уайымдап жатырмын. Мен жұмыс істеген бөлім қызметкерлерінің 98 пайызынан коронавирус табылды. Олар инфекциялық ауруханада жатыр. Бір әріптесімнің ғана анализінің нәтижесі теріс шығып еді, [кейін] одан да инфекция анықталыпты. Енді мен ғана қалдым, - дейді резидент-дәрігер (Сұхбат 15 сәуірде алынған еді. 16 сәуірде Ернар Пірімхан Instagram парақшасында анализінен коронавирус табылғанын айтты - Ред.).

Ол аурухана карантинге жабылғанда үйде болған. “Өзін жайсыз сезініп” ұйықтап қалған. Ертеңінде әріптестері хабарласып, коронавирус шығып жатыр деп ауруханаға шақыртқан.

- Заттарымды жинап, ауруханаға барсам есіктің бәрі жабық, құлыптап тастаған. Осында жұмыс істеймін десем де [күзетшілер] кіргізбеді. Содан соң үйге бармай, ыстығым көтерілген соң жедел-жәрдемге хабарластым, - дейді дәрігер.

Жедел жәрдем Ернар Пірімханды қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына апарған. Ол аурухана карантинге жабылғанша үйден қатынап жұмыс істегенін айтады. Үйде жұбайы мен 7 айлық қызы қалған. Солардың денсаулығын да уайымдайды.

Ернар Пірімхан қазіргі жағдайын "жөтел бір күшейсе, тоқтамайды. Сөйлеп, қимылдасам да күшейіп кетеді. Антибиотиктерді сала берген соң түнде оң жақ қабырғам мен бауырым ауырды" деп сипаттайды.

Ол өзі сияқты ауруханада жұмыс істеген резиденттердің әлі күнге дейін үйінде жатқанына да алаңдайды. Жоғарғы оқу орындары қашықтан оқуға көшкенде резиденттер ауруханадағы жұмысын атқара берген. Ол Instagram желісіндегі парағына "Ауруханада өзгелермен байланыста болған басқа резиденттерді неге оқшауламады, олардан неге тест сынамасы алынбады?" деп жазды.

"КАРАНТИНДЕГІ АУРУХАНАДА НАУҚАС ТА, ДӘРІГЕР ДЕ КӨП"

Алматының қалалық орталық ауруханасы карантинге жабылғанда емделіп жатқан науқастар мен бір топ дәрігер іште қалған. Азаттық аурухана ішінде қалған дәрігердің біріне хабарласты. Медицина мекемесінде 6 жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан Санаттың (есімі өзгертілді - ред) сөзінше, ауруханада дәрігер де, науқас та көп. Өзі жұмыс істейтін бөлімде 16 науқастың жатқанын айтады.

- Мұнда бірнеше бөлім бар. Әрқайсында науқастар жатыр. Біз науқастардың дене қызуын өлшеп, ем-домын жасаймыз. Басшылыққа бәрін хабарлап отырамыз, - дейді ол.

Санаттың айтуынша, карантинде қалған дәрігерлерге тамақ іште әзірленеді. Аспаздар да іште. Науқастардан бөлек бөлмеде жатады. Дәрігерлерге матрац, төсек берілген.

- Бұл жағдайда жұмыс істеу қиын, бірақ соны мемлекет түсінсе жақсы. Ауру жұқтырған пациенттермен кім жатқысы келеді? Дәрігерлік міндетімізді, ел алдындағы борышымызды өтеп жатырмыз. Таңдап алған мамандығымыз осы, - дейді ол.

Дәрігер "ауруханада инфекцияның таралуына әріптестерінің салғырттығы кінәлі" деген пікірмен келіспейді. Ол "Пневмониямен ауырған пациенттерді біздің ауруханаға әкелгені жайлы барлығы жазып жатыр. Бәрі содан басталды" деген пікірде. Санат аурухана карантинге жабылғалы коронавирус сипмтомы пайда болғандар оқшауланып, анализінің нәтижесі оң шыққандарды инфекциялық ауруханаға әкетіп жатқанын айтады.

Денсаулық сақтау басқармасы ауруханада карантинде жатқан 215 науқастың 18-інен вирус анықталғанын мәлімдеді.

"ӨЗ ЕРКІМЕН ЖҰМЫСТАН КЕТКЕН" БАС ДӘРІГЕР НЕ ДЕЙДІ?

Алматыдағы ең ірі аурухананың бірінде вирус жұқтырғандар өсіп жатқан тұста қалалық денсаулық сақтау басқармасы медицина мекемесінің бас дәрігері Алмас Джувашевтің 14 сәуірде қызметтен кеткенін хабарлады. Бірақ басқарма бастығы Тілеухан Әбілдаев Джувашевтің жұмысына қатысты ешқандай пікір білдірмеді.

15 сәуірде Алмас Джувашев Facebook парағында қызметінен өз еркімен кеткенін жазды. Экс-бас дәрігердің пікірінше, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының бұйрығы аурухананың инфекция ошағына айналуына әкелген. "Басқарма пульмонологиялық ауруы мен жедел респираторлық вирустық инфекциясы барларды осы ауруханаға жатқызу туралы бұйрық шығарды. Бұл бұйрық осы жағдайға әкеліп соқты" дейді ол.

"Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы біздің талаптарымызды ескермеді. Содан кейін біз өз бетімізше оқшаулау бөлімін әзірледік. Келген адамдардан дер кезінде коронавирусты анықтауға анализ алдық. Бұған қажетті аппараттар қабылдау бөліміне қойылды. Қауырт кезеңде қажетті құрылғылары бар жеке ғимарат салу мүмкін болмады. Сондықтан барлық пациент қабылдау бөлімінде тексерілді" деп жазды қызметінен кеткен бас дәрігер.

Джувашевтың сөзінше, "әдетте ауруханаға қаралуға тәулігіне 200-300 адам келеді. Қаладағы өзге екі аурухана коронавирусқа байланысты оқшаулау орынына айналдырылғандықтан бұл көрсеткіш екі есе көбейген". Ол ауруханаға коронавирус пациенттерден тарады деп санайды. Науқаспен жақын байланыста болғандықтан, "жеке қорғаныш заттары вирустан қорғайтынына 100 пайыз кепілдік болған жоқ" деп жазған.

Джувашев қызметтен кеткен соң аурухана қызметкерлері оны қызметіне қайтаруды талап етіп, видео жариялады.

АНАЛИЗДЕН КЕТКЕН ҚАТЕЛІК

Алматының орталық ауруханасының қызметкерлері "дәрігерлер дұрыс қорғанбаған" деген Алматының бас санитары Айзат Молдағасымованың үстінен сотқа шағымданатын хабарлаған. Президент Тоқаевтың атына ашық хат жазған.

14 сәуір күні кешке желіде "Көктем" санаторийінде карантинде жатқан аурухана қызметкерлерінің видеосы тарады. Бейнежазбада "анализінен вирус табылмаса да, гинекология бөлімінің меңгерушісі Гаухар Әмірееваны арнайы киім киген адамдардың алып кетпек болғаны" айтылады. Әміреева мұны әлеуметтік желіде Айзат Молдағасымованы сынай жазған жазбасымен байланыстырады. Видеода Әміреева "қолымда анализімнен коронавирус табылмағаны туралы қорытынды бар" деп, алып кетпек болғандардың "коронавирус жұқтырғансыз" дегеніне сенбей, қарсыласқан. "Егер күшпен әкетсе, құқығымның бұзылғаны үшін прокуратураға шағымданамын" дейді ол видеода.

Дәрігерлер карантинге жатқызылған "Көктем" санаторийі. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.

Дәрігерлер карантинге жатқызылған "Көктем" санаторийі. Алматы, 13 сәуір 2020 жыл.

Осы күні түнде Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Камалжан Надыров пен Алматы қалалық басқарма бастығы Тілеухан Әбілдаев наразы дәрігерлермен жүздескен. Кездесуде министрлік өкілдері "бірнеше аурухана қызметкерлерінен тест алынды, адамдардың аты-жөнін мамандар шатастырып алды" деп түсіндіріп, дәрігерлерден кешірім сұраған.

13 сәуірде Денсаулық сақтау министрлігі Тауар, қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бұйрабекова Алматының №12 орталық клиникалық ауруханасындағы жағдайға байланысты эпедемиологиялық тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеген. Әзірге оның нәтижесі жарияланбады.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 14 сәуірде Facebook парағына "қазір дауласатын уақыт емес" деп әріптестерін сабырға шақырған. Ол инфекцияның таралуын тоқтаған соң мәселені шешеміз деп жазған.

15 сәуір 19.30-дағы мәліметке сай, Қазақстанда вирус жұқтырған 1290 адамның – 370-і медициналық қызметкер (Бұл елде коронавирус жұқтырғандардың 28%). Олардың басым бөлігі Алматы қаласы (197) мен Нұр-Сұлтан қаласында (92). Дәрігерлер арасында жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ.

Денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырған дәрігерлер саны алдағы уақытта өсе түседі деп болжайды.

Видео: Алматыда ең ірі клиникалық ауруханадағы шу қалай басталды? 13 сәуір 2020 жыл

Азаттык Радиосы