01.06.2021 / Қазақстан

Ақтөбеде тағы бір автобус компаниясының жүргізушілері жаңа төлем жүйесіне қарсы наразылыққа шықты

Ақтөбеде тағы бір автобус компаниясының жүргізушілері жаңа төлем жүйесіне қарсы наразылыққа шықты

1 маусым күні Ақтөбеде жолаушы тасымалдайтын тағы бір компания "Автопарк" жүргізушілері мен кондукторлары жұмысқа шығудан бас тартып, қала тұрғындары түстен кейін автобуссыз қалды. Түс әлпетінде компания кеңсесіне жиналған наразылар басшылардан жүргізушілер мен кондукторларды штатқа алып, тұрақты жалақы төлеуді талап етті.

- Осы жердегі жүргізушілер мен кондукторлардың бәрі ресми түрде жұмыссыз. Зейнетақы қорына да, медициналық сақтандыру қорына да ақша аударылмайды. Бірақ тәулігіне 16-18 сағаттан жұмыс істейміз. Мысалы, мен жүрген 15-бағыттағы маршрут жүргізушілерінің күндік жоспары - 38 мың теңге. Одан бөлек жанар-жағар майға күн сайын 17 мың теңге жұмсаймыз. Кондукторларға беретін бес мың теңгеміз, өз еңбекақымыз тағы бар. Сол ақшаны табу үшін жанымызды шүберекке түйіп жүрміз. Төрт жылдан бері "Автопарк" жүргізушілерге бір тиын да жалақы төлемейді. Ол аз болса, кешелі бері электронды төлем жүйесі енгізіліп, жанар-жағар майымыздың да ақшасын шығара алмай қалдық. Сондықтан бүгін жұмысқа шығудан бас тартып отырмыз. Компания басшыларының әр сағатымызға мың теңгеден төлеуін талап етеміз, - дейді наразылардың бірі Бақыткелді Жосаев.

Наразылық білдіруші автобус жүргізушілерінің көпшілігі кондукторлыққа жұбайлары мен туыстарын алған. Кондукторлар да автобус жүргізушілері сияқты компанияның штатына алынбаған.

Наразыларды "Автопарк" құрылтайшысы "Емшан" компаниясының президенті Мейіржан Өндіргенов сабырға шақырмақ болған еді. Бірақ тараптар тіл табыса алмады. Өндіргеновтің сөзінше, компания маусым айынан бастап автобус жүргізушілеріне 200 мың теңге жалақы ұсынған. Жүргізушілер оны азсынып, келіспей қойған.

- Қоғамдық көлікте дифференцияланған тарифтің енгізілуін автобус жүргізушілері оң қабылдаған жоқ. Төлем қолма-қол жасалатын кезде ақшаның белгілі бір бөлігі жүргізушінің қалтасына түсетін. Қазір олай емес. Сондықтан бұл жүйе жүргізушілерге ұнамайды, әрине. "Автопарк" компаниясының электронды төлем жүйесіне көшкеніне бүгін екінші күн. Жаңа жүйе компанияның дами түсуіне себеп болады деп үміттенеміз. Автобус паркін жаңартып, сервисті жақсартуға да мүмкіндік туар еді. Ал әзірше компания жүргізушілерге 200 мың теңгеден жалақы ұсынып отыр. Жергілікті бюджет жолаушы тасымалдаушы компанияларға субсидия бөлер болса, жүргізушілер жалақысы 200 мыңнан да көбеюі мүмкін. Ал кондукторларға келсек, электронды билет жүйесі кондукторды қажет етпейді, - дейді "Емшан" компаниясының ресми өкілі Руслан Жылқаманов.

31 мамырдан бастап Ақтөбедегі қоғамдық көлікте дифференцияланған тариф жүйесі енгізілді. Бұл тарифке сай, жол ақысы қолма-қол төленген жағдайда 150 теңге, ал көлік картасын сатып алғандар үшін 80 теңге төлейді. Сондықтан тұрғындар жаппай төлем картасын сатып ала бастаған. Ақтөбе әкімдігі жаңа жүйе қоғамдық көліктегі қаражатты барынша ашық етуге септігін тигізеді деп санайды.

Ақтөбе қаласында екі компания "Автопарк" пен "Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" жолаушы тасымалдайды. Қоғамдық көлікте дифференцияланған тариф енгізілгелі бері жолаушы тасымалдайтын компаниялар бірінен соң бірі наразылық акциясын өткізе бастады. 31 мамырда "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" жүргізушілері мен кондукторлары наразылық акциясын бастаған еді. Олар да жаңа жүйеге қарсы шыққан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ақтөбеде автобус жүргізушілері мен кондукторлар жұмыс жағдайына шағымданып, наразылыққа шықты

Ақтөбеде наразылықтан кейін автобустар қозғалысы әлі толық қалпына келмеді


Азаттык Радиосы