11.02.2022 / Қазақстан

Ақтөбеде газ түбіртегін тарататын жұмысшылар жалақының аздығына наразылық білдірді

Ақтөбеде газ түбіртегін тарататын жұмысшылар жалақының аздығына наразылық білдірді

Ақтөбеде үй аралап, тұрғындарға газ шаруашылығының түбіртегін тарататын жүзден астам контролер жалақының аздығына наразылық білдірді. Оларды облыс аудандарындағы әріптестері де қолдап отыр. Барлығы 179 адам талаптары орындалмайынша газдың түбіртегін таратпауға келіскен.

Газ түбіртегін таратушылар – QazServiceGroup компаниясының жұмысшылары. Ақтөбені газбен жабдықтаушы KazTransGaz компаниясына биллинг қызметін көрсететін бұл мекеменің жұмысшылары айына 60 мың теңге жалақы алады. Одан бөлек әр контролердің автобустағы жолақысы үшін айына 7 мың теңге төленеді. Мұны «тым аз» деп санайтын контролерлер жалақыны 100 пайызға көбейтуді талап етті.

- Осыдан он бір жыл бұрын жұмысқа кіргенімде айлық 50 мың теңге еді. Қазір - 60 280. Күнкөрісіміз қиындап кетті. Жалақыны 100 пайыз көтеруін талап етеміз! Талабымыз орындалмайынша қаңтардың түбіртегін таратпаймыз! Газ есептегіштерге пломба қоймаймыз, тұтынылған газды есептемейміз! - дейді Райхан Ғабдолова.

Наразылардың сөзінше, әр контролер мың жарым абонентке жауапты. Айтуларынша, әр айдың төртінен бастап бір апта ішінде мың жарым абонентті түгел шолып шығуы тиіс. Газдың ақысын төлемей жүрген борышкерлерге бірнеше мәрте баруға тура келеді.

- Айлығым - 60 мың. Басымда кредитім бар. Өзім жалғызбасты анамын. Киім сатып алуды ұмыттық. Тамақ, кредит, коммуналдық қызмет ақысын ғана төлейміз. Болды! Қысы-жазы, жаңбыр мен қарда үй аралап жүреміз. Қабаған итке таланған кезіміз де көп. Қала үлкейіп жатыр. Сәйкесінше абонент саны да көбейе түсті. Басшылар қосымша штат ашайын демейді. Жалақымызды өсірмесе де, жүктемеміз көбейіп барады, - дейді Жәмила Жұмағұлова.

Газбен жабдықтаушылар Ақтөбені бес учаскеге бөлген. Осы учаскелерден жиналған жүзден астам контролер бүгін QazServiceGroup компаниясының кеңсесіне барды. Облыс орталығына аудандардан жете алмағандар әріптестері де қолдау білдіріп, видео үндеу жолдап жатты. Шалқар, Мұғалжар, Қобда, Хромтау аудандарынан жолданған видеоны көрсеткен контролерлар «бұл - облыстағы екі жүзге жуық отбасының проблемасы» дейді. Әзірге наразыларға нақты уәде берілген жоқ.

- Біз ештеңе өндірмейміз. Біз KazTransGaz компаниясымен жасалған келісім-шартқа шеңберінде өз міндетімізді атқарып қана отырмыз. Келісім-шартта бекітіліп қойған сома бар. Сондықтан әзірге жалақыны көбейтуге мүмкіндігіміз жоқ. Кірісті көбейтудің жолдарын іздеп жатырмыз. Кіріс көбейсе ғана жалақы өседі, - дейді QazServiceGroup компаниясының басшысы Әлібек Досмұхамбетов.

Наразылар компания басшысының жауабына қанағаттанған жоқ. Жалақы көбеймейтін болса, 15 ақпанда облыстағы екі жүзге жуық контролер Ақтөбеге жиналып, митингіге шығатындарын айтты.


Азаттык Радиосы