31.03.2022 / Қазақстан

Әкімдікке ТШО-дан жұмыстан шығарылғандардың толық тізімі керек

Әкімдікке ТШО-дан жұмыстан шығарылғандардың толық тізімі керек
31 наурызда облыс әкімдігінде әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті. Оған облыс әкімі, мемлекеттік органдардың өкілдері, мұнайгаз секторындағы кәсіпорындардың және басқа да ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Теңізшевройл» ЖШС-нің мердігерлік ұйымдарының қызметкерлерін жұмыстан босату, сондай-ақ еңбек ұжымдарындағы жанжалдардың алдын алу, еңбек қатынастары саласындағы ахуал мәселелері қарастырылды.

photo-2022-03-31-19-09-391.jpg

Еске салсақ, Келешек кеңею жобасындағы (ККЖ) құрылыс-монтаж жұмыстарының басым бөлігінің аяқталуына байланысты 2022 жылдың соңына қарай шамамен 39 мың адам жұмыстан босатылады деп жоспарлануда, оның 37 мыңы - Қазақстан азаматтары.

ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Ризабек АРТЫҒАЛИЕВ жұмыстан босаған жұмысшылардың 7 мыңнан астамын компанияның басқа жобаларына жұмысқа тарту жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан басқа, бұрын Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ККЖ-дан босатылған жұмысшылардың басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар мен инвестициялық жобалар аясында жұмыс орындарымен қамтамасыз етілетінін мәлімдеген болатын.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы облыстық басқармасының басшысы Игілік ӘУБӘКІРОВТІҢ айтуынша, ақпан айынан бері еңбек даулары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол мамыр айына дейін жалғасады.

– 2021 жылдың ақпан айынан бері 56 кәсіпорын мен ұйымда еңбек даулары туындаса, бүгінде оның 49-ында бұл даулар шешілді. Қазір 52 қызметкерге жалпы сомасы 8 миллион теңге қарызы бар үш мекемемен жұмыс істеп жатырмыз, - деді ол.

Облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ Р.Артығалиевқа ТШО-ның босатылған жұмысшылары арасынан басқа жұмысқа ауыстырылған адамдардың тізімін жасауды, сондай-ақ, бір ай бұрын облыс әкімдігіне жұмыстан босатылатындардың толық аты-жөні, мамандығы, мекенжайы, байланыс телефондары көрсетілген тізімін ұсынуды тапсырды.

- Келесі айларда босатылатын жұмысшылардың жұмысқа орналасуын жоспарлау үшін алдағы 3 айдың болжамын жолдаңыз. Облыс тұрғындарына басымдық бере отырып, жұмыстан босатылатын жұмысшылардың жұмысқа орналасуына ықпал ету қажет.

Бұдан басқа, ол барлық ірі кәсіпорын басшыларына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына 2022 жылы ашылатын жұмыс орындары, қажетті мамандықтар мен адам саны айлар бойынша бөліп көрсетілген кестені жолдауды тапсырды.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

azh.kz

Материалды көшіріп басқанда және басқаша пайдалану кезінде azh.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Сондай-ақ ВК, Instagram пабликтерінде жариялауға тыйым салынады.