08.02.2022 / Қазақстан

Жаңаөзенде наразылық жалғасты

Жаңаөзенде наразылық жалғасты

8 ақпанда таңертең Жаңаөзен қаласындағы ереуілшілерге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары мен "Қазмұнайгаз", "Өзенмұнайгаз" компаниялары өкілдері келді. Олармен жолыққан ереуілшілер ешқандай комиссиямен келісімге отырмайтынын, талаптары тек жұмыс орны екенін айтты.

Бұл туралы жаңаөзендік азаматтық белсенді Серік Бақтыбайұлы Facebook парақшасындағы тікелей эфирде жүргізген видео таратты.

Видеода наразылардың өкілдерімен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Абзал Меңдібаевтың, Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың және "Қазмұнайгаз", "Өзенмұнайгаз" компаниясы қызметкерлерінің жолыққанын көруге болады. Олар Жаңаөзендегі "Ардагерлер үйінде" кездескен.

Олар "Өзенмұнайгаз" және басқа аймақтағы мұнай мекемелеріне жұмысқа алудың 2019 жылғы сызбасы сақталатынын, қазір ол кезекте мыңдаған адам тұрғанын айтты. Наразы топ өкілдері бұл уәжбен келіспеді.

- Экологиялық жағдайға байланысты Жаңаөзендегі мұнайшылардың еңбекақысына ақша қосылады. Ал мына жұмыс сұрап жүргендер мұнайшы емес. Бірақ бұл халық та сол ауамен демалады. Оларға бір тиын ақша келіп жатқан жоқ. "Мұнай таусылады" дейді, тауыссақ бірге тауысайық. Жағдайы нашар, күн көре алмай отырғандар көп. Солармен бөлісіп бірге тауысайық,- деді ереуілдеп тұрғандардың бірі Мейірбек Мұхтаров.

Оның сөзінше, "Өзенмұнайгаз" тендер жариялап, ортаға делдал салмай адамдарды жұмысқа тікелей қабылдауы тиіс, сонда ғана әділетсіздік жойылады.

- Бізге сызба туралы айта бермеңіз. Ол сызбаны бұзыңыз деп те тұрғанымыз жоқ. Ол бойынша жұмыссыз адамдар өз кезегімен жұмысқа орналаса берсін. Біздің талабымыз – алаңда бір аптадан бері жұмыс сұрап тұрған адамдарды тез арада жұмысқа орналастыру. Арасында жейтін наны жоқ, жағдайы нашар отбасылар бар, - деді Жаңабай Нұғыманов.

Оның сөзін қалғандары қоштап, наразы топ өкілдері ешқандай комиссия құрып талқылаудың қажеті жоқтығын айтып, орындарынан тұрып, кетіп қалды.

Бұдан соң Маңғыстау облыстық әкімдігі "Жаңаөзенде жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша облыстық комиссия жұмысын бастады" деп хабарлады.

"Бүгін, 8 ақпанда, облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаевтың төрағалығымен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында мұнай-газ саласындағы ұйымдарға жұмысқа қабылдау алгоритмінің толық ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылды" деп жазылған Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Жаңаөзенде жұмыс талап еткен тұрғындар ереуілі бір аптадан бері жалғасып жатыр. Оларға 2011 жылы жеті айға созылған мұнайшылардың еңбек дауынан соң құрылған "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" мұнайшылары қолдау білдіріп, ыстық тамақ алып келді.

Тұрғындар наразылығы 31 қаңтарда басталған. Олар содан бері күн сайын қала әкімдігі алдына келіп мұнай саласынан тұрақыт жұмыс тауып беруді талап етумен келеді.

Жаңаөзендегі жұыссыздықты жоюды талап еткен жастардың ереуілі 2016 жылы да болған. Қалалық сот 2019 жылы 17 қарашада ереуілшілер лидері Ержан Елшібаевты бес жылға бостандығынан айырған. Белсендіге "біреудің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді" деген (Қылмыстық кодекстің 106-бабы, 2-бөлімі) айып тағылған еді. Оның үстінен қылмыстық іс қозғауға 2017 жылғы оқиға ілік болған. Кейін 2019 жылғы 25 қарашада әлгі оқиғаға қатысы бар адамдар Елшібаевқа еш талабы жоғын айтса да, апелляция соты үкімді күшінде қалдырды.

Қазақстандық құқық қорғаушылар да "бұл істің саяси астары бар, Елшібаев қоғамдық белсенділігі үшін түрмеге қамалды" деп санайды және оны "саяси тұтқын" деп таныған.

Жаңаөзенде 160 мың адам тұрады. Онда аймақтағы ең ірі мұнай-газ өндіруші мекеме "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамы орналасқан. Ол Маңғыстау облысындағы Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игереді. Компания құрамына кіретін 16 өндірістік құрылымдық бөлімшеде 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Азаттык Радиосы

Ержан Елшібаев: Түрмеде сотталушыға адам деп қарамайды, суицидке өздері итермелейді

Тоқаевтың "еститін" үкіметі тұсында "саяси тұтқын" деп танылғандар көбейді