08.12.2022 / Қазақстан

Алматыдағы университеттердің біріне жөндеу жүргізген құрылысшылар еңбекақыларын ала алмай отыр

Алматыдағы университеттердің біріне жөндеу жүргізген құрылысшылар еңбекақыларын ала алмай отыр
Алматыда «Абай» атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университететіне тиесілі оқу ғимаратының жөндеуін жүргізген құрылысшылар бүгін наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, өздеріне міндеттелген құрылыс жұмыстарын толық аяқтаса да, оқу орнының әкімшілігі 33 миллион теңгені аудармаған. Осылайша университет басшылары адал еңбегіміздің ақысын төлемей бір айдан бері созбалаңға салып келеді деп ашынады мердігер компания өкілдері. Ал оқу орны басшылығының айтар уәжі басқа.

Бүгін құрылысшылар қолдарына плакат ұстап, Абай атындағы оқу орнының алдына келді. Жиналғандар еңбегіміздің ақысын ала алмай табан тоздырып жүргенімізге біраз уақыт болды дейді. Дәлірек айтсақ, мердігер компанияның жұмысшылары университет ғимаратының дәлізі мен шатырын жөндеп бергендерін айтады. Алайда білім ордасының әкімшілігі осы құрылыстың толық аяқталғанын растайтын құжаттарға қол қоймай отыр деп ашынады құрылыс компаниясының басшысы.

АҚЫЛБЕК ТАБЫЛҒАНОВ, "Сұңқар" ЖШС директоры:
– Бұлардың ұстап отырғаны 117 миллион. Біздің скидка 58 миллион, төленбеген 33 миллион, плюс 26 миллион біздің гарантия. Бұлардың ойы сол. Ол ақша бар ма, жоқ па білмеймін. Біздің 33 миллионды кесіп-кесіп бір ай жүрді. Комиссияның 8 адамы бар. Жетеуі қол қойып берді. 7 адамнан жалғыз ана Клара ғана қол қоймаған.
Ал оқу орнының өкілдері құрылыстың 30 пайызы әлі де аяқталмады дейді. Онымен қоса, қазірге дейін жасалған жөндеу жұмыстарының ақысын төлеп қойдық деп отыр. Айтуларынша енді тек мердігердің шотына аударылмаған 33 миллион теңге ғана қалған. Бірақ ол жобалық құжатқа сәйкес 100 пайыз жөндеу жүргізілгенде ғана төленеді дейді.

БАРЛЫБАЙ МЕЙІРМАНОВ, Абай атындағы ҚазҰПУ департамент директоры:
– Орындалған жұмыстар актісіне сәйкес қазірге дейін аяқталған жұмыстардың қаражаты аударылды. Қалғанын сот шешімінен кейін айтамыз.


Источник: Информбюро31