31.05.2022 / Қазақстан

Күзде Қазақстанға ресейлік жұмысшылар көптеп келе бастайды - Еңбек министрлігі

Күзде Қазақстанға ресейлік жұмысшылар көптеп келе бастайды - Еңбек министрлігі
Украина-Ресей жағдайы шиеленіскен кезден бастап Қазақстанға бірінші болып IT саласы мен банк қызметкерлері көшіріле бастады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қыркүйек айында Ресейден Қазақстанға еңбеккерлер көптеп келеді деп болжап отыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Әбілхатин мәлімдеді.


Оның айтуынша, қазір еңбек нарығындағы жағдай бірқалыпты. Көрші елдерден келген жұмысшылардың айтарлықтай ағыны байқалмайды. Былтырғымен салыстырғанда келушілер ағыны 30%-ке артты. Алайда бұл пандемияға дейінгі көші-қон көрсеткішінен әлі де төмен. Ол кезде Ресейден Қазақстанға бір миллионға жуық адам келген болатын.

"Жұмыссыздық деңгейі 4,9%. Бұл өткен жылдың көрсеткіші шамасында. Шекаралас елдерден жаппай ағын әлі байқалмайды. Қазір негізінен IT саласының, қаржы-банк жүйесінің қызметкерлері көшіп келіп жатыр. 1 мамырда 14 мың адам шекарадан өтіп, 9 мың адам жұмысқа құжат рәсімдеді. Олар пәтер жалдай алады немесе компания есебінен қонақүйге төлейді", - деді Еңбек комитеті төрағасының орынбасары.

Ресейліктер негізінен Алматыны таңдап жатыр.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта қазақстандықтар арасында Ресейге кету көрсеткіші төмендегенін атап өтті. Бұрын Қазақстаннан жас кадрлар оқуға кетіп, Ресейде жұмыс істеуге қалатын. Бұл көрсеткіш шамамен 80 мың адам. Еңбек министрлігінің комитет төрағасы орынбасарының айтуынша, қазір қазақстандықтар Оңтүстік Корея, Түркия, БАӘ және Еуропа елдерін таңдайды. Жалпы қазір 200 мыңға жуық қазақстандық шетелде жұмыс істейді.

Ішкі көші-қон


Жыл басынан бері Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарынан 502 отбасы немесе 1 517 адам қоныс аударды. Олар негізінен Павлодар (188 отбасы), Қостанай (126 отбасы) және Солтүстік Қазақстан облыстарына (87 отбасы) жіберіледі.

Жыл соңына дейін оңтүстіктен солтүстік пен шығысқа 8 080 адамды көшіру жоспарланып отыр.

Sputnik.kz