08.11.2021 / Қазақстан

"Абай" шахтасында жараланғандар реанимациядан шықты, "Арселор Миттал Теміртау" уәдені үйіп-төкті

"Абай" шахтасында жараланғандар реанимациядан шықты, "Арселор Миттал Теміртау" уәдені үйіп-төкті

Қарағанды облысындағы "Абай" шахтасында 7 қараша, таңертең болған апаттан жараланған екі адам аурухана реанимациясынан палатаға ауыстырылды.

— Екі пациентті жағдайы орташа, ем барысында жақсарып келе жатыр. Әрі қарай емделу үшін токсикология бөліміне ауыстырылды, — деп хабарлады 8 қарашада Мақажанов атындағы клиника.

Дүйсенбіде "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының басшылығы баспасөз жиынын өткізді. Компанияның бас директоры Азаттық тілшісінің "газ дүмпуі неден пайда болды" деген сауалына тұщымды жауап қата алмады. Компания бұған дейін "Абай" шахтасы қазіргі заманғы құрал-жабдықпен қамтамасыз етілгенін хабарлаған болатын.

— Онымен мемлекеттік комиссия айналысып жатыр. Себебін біздің де білгіміз келіп отыр. Өз бетімізше зерттеуге рұқсат бермеді, — деді Биджу Наир.

Баспасөз жиынын ұйымдастырушылар журналистерге бір сұрақтан ғана қоюға рұқсат берді. Баспасөз жиынына "АрселорМиттал ТМД" бас директоры Виджай Гойял қатысты.

Компания өкілдері зардап шеккен әрбір отбасымен сөйлесіп, көмектесетінін мәлімдеді. Бірақ компания басшылығы қанша баланың асыраушысыз қалғанын білмеді. Жерлеу рәсімдерінің шығынын компания өзіне алды. Қаза болған шахтерлардың 10 еселенген жылдық жалақысын беруге, балаларын жоғары оқу орындарындағы ақысын төлеуді міндеттенді. Қаза болғандардың отбасыларына пәтер беру мәселесі қарастырылып жатқанын айтты.

— Ұжымдық келісімшартпен шектелмей, қажетті көмектің бәрін береміз,— деді баспасөз жиынында "АрселорМиттал Теміртаудың" атқарушы директоры Әлішер Әбенов.

7 қараша, таңғы сағат сегіз шамасында Қарағанды облысы Абай қаласында "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарасты шахтада газ апаты болған. Апаттан алты адам қаза болып, екі адам ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Апат кезінде шахтада 64 адам болған, 56 адам өз бетімен шахтадан шыққан.

"Абай" шахтасында 2008 жылы да осыған ұқсас ірі апат болған еді. Метан газының жарылысынан 14 адам жараланып, 30 адам қайтыс болған, оның 23-інің денесі жер бетіне шығару мүмкін болмаған.

Ірі металлургия комбинаты мен Қарағанды облысындағы бірнеше шахтаны басқаратын "Арселор Миттал Теміртау" – әлемдегі ең бай адамдардың бірі Лакшми Митталға тиесілі компания. Компания қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін көп сыналады, металлургия комбинаты мен шахталардың жұмысшылары еңбек шарттары нашар деп жиі шағым айтады.

Азаттық радиосы