08.10.2021 / Қазақстан

Аштық жариялаған тау-кен комбинатының жұмысшылары ауруханаға түсті (видео)

Аштық жариялаған тау-кен комбинатының жұмысшылары ауруханаға түсті (видео)

Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл маңындағы Обухов тау-кен комбинатының жұмысшылары аштықтың 4-ші аптасында ауруханаға түсті. Олардың жағдайын дәрігерлер бақылап жатыр, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Тау -кен комбинаты жұмысшыларының аштық жариялағанына бүгін 27 күн болды. Зауыт лицензиясына қатысты наразылық танытқандар аштықтың 4-ші аптасында денсаулықтары сыр беріп, ауруханаға түсті.

4 адамның жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында. Комбинат директоры Виктор Долгалевтің айтуынша, аштық жариялағандар әбден әлсіреп қалған.

"Мен олардың денсаулығы бақыланады деген үмітпен зауытта аштық жариялауына жол бердім. Бірақ шын мәнінде жедел жәрдем олардың жағдайын келіп тексерген емес. Ал облыс әкімінің орынбасары бұл аштықты өтірік деп атады. Тек БАҚ біз туралы жаза бастағаннан кейін ғана дәрігерлер төбе көрсетті", — дейді Виктор Долгалев.

Аштық жариялағандардың бірі Абзал Ибрагимов наразылық акциясына дейін салмағы 113 келі болғанын айтады. 27 күннің ішінде жас жігіт 23 келі тастаған.

"Аштықтың 27 -ші күні менің қанымдағы қант деңгейі 2,3-ке түсіп кетті. Бұл деген адам өміріне қауіп келді деген сөз. Аштық жариялаған барлық уақытта жағдайымызды сұрап шенділерден, прокуратурадан ешкім келмеді. Талабымызды орындаудың орнына кәсіпорынға әр түрлі комиссиялар келіп, зауыттың қалай жұмыс істейтінін тексерді және бізден вакцина алуды талап етті, — дейді Абзал Ибрагимов.

Обухов комбинатындағы наразылық жұмысшылардың екі ай бойы жалақы алмағанынан және зауыттың лицензиясын жарамсыз деп танығаннан кейін басталған болатын.

View this post on Instagram

Публикация от TIOLINE-OGOK (@tioline.kz) 

Зауыт қызметкерлерінің айтуынша, зауыт төңірегіндегі дау-дамайға ресейлік кәсіпкерлердің де ықпалы бар. Өйткені зауытқа қызығушылық танытқандар көздеген нысанға қол жеткізу үшін түрлі қадамдарға барып жатыр дейді.

Express Qazaqstan тау-кен комбинатындағы аштық туралы бұған дейін жазған болатын.


Express Qazaqstan